Сенбі, 18 Мамыр 2024
Билік 29923 0 пікір 17 Маусым, 2016 сағат 14:07

САУАЛНАМА: ЖАСТАРДЫҢ ДІНГЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫ ҚАНДАЙ?

Ақтөбеде орын алған трагедиялық оқиға еліміздің  ұлттық қауіпсіздігіне жауапты органдардың олқылығын ортаға шығарды, әлсіздігін көрсетті. Қарулы «бандиттер» дін атын жамылып, теракті жасады. Жазықсыз адамдар жапа шекті.  Десе де, әзіз діннің бұндай бассыз қадамдарды құптамайтын рас. Тіпті, Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасы да арнайы мәлімдеме жасап, Ақтөбедегі оқиғаны хақ исламға телу теріс екендігін айтты. Ал құзырлы органдар Ақтөбедегі терактіні – «мемлекетті басып алу» әрекеті деп бағалады.

Жә, факті – факті күйінде қалады. Ал экстримистер болса, - бұл қадамды өз діндерінің тарапынан санкцияланған деп ұққанға ұқсайды. Өкініштісі сол – арнайы операциялар кезінде атылған және ұсталған лаңкестердің дені жастар. Мектеп жасындағы балалар мен студенттер. Демек, тағы бір айнымас факті - олар біздің арамызда, сіздің балаңыз оқитын мектептерде, университеттерде т.б. жүр. Тіпті, қазірдің өзінде сіздің балаңыздың тап қасында болуы бмүмкін.  

Осыған байланысты мынадай сұрақ туады: еліміздегі жастардың дінге деген көзқарасы қандай? Қазақстанның қоғамдық атмосферасындағы әлеуметтік және идеологиялық түсінік қандай? Өкінішке орай еліміздегі псевдодіни топтар және жастардың өмір сүру идеологиясын анықтайтын сауаланамалар аз жүргізіліпті. Соны ескеріп  «Abai.kz» порталы әлеуметтік желі арқылы сауалнама жүргізген болатын.

Сауалнама төмендегідей нәтижелерді көрсетті.

Біздің сауалнамамызға еліміздің барлық аймағынан ұзын-саны 700 адам қатысты. Респонденттердің 69 пайызы 18-25 жас аралығындағы жастар болса, тағы 19 пайызы 25 пен 35 жас аралығындағы азаматтар болған. Қалған 12 пайыз дауыс берушілер 35-45 және одан жоғары жастағы азаматтар екен.

                                                           

Сондай-ақ, дауыс берушілердің 83 пайызы Ислам дінінің өкілі болса, 10 пайыз респондент – Христиан дінін ұстанушылар, тағы 7 пайызы – өзге дін өкілдері екендіктерін көрсеткен.

«Сіздің дінге деген көзқарасыңыз қандай» деген сауалнаманың үшінші сұрағына келгенде респонденттердің 71 пайыздан астамы «Дінді берік ұстанамын, (мешіт, шіркеу немесе ғибадатханаларға) жиі барып тұрамын» деп жауап берген. Бұл өз кезегінде еліміздегі жастардың дінге деген көзқарасын анық аңғартады. Яғни, дауыс берушілердің басым бөлігі Ислам дінінің өкілі және олардың 18 бен 25 жас аралығындағы азаматтар мен азаматшалар екенін жоғарыда атап өттік. Демек, еліміздегі жастардың дені діни орындарға жиі барып тұрады.  Ал тағы 21 пайыз дауыс берушілер «дінді ұстанамын, бірақ діни орындарға бармаймын» деп жауап берген. Қалған 8 пайыз дауыс берушілер  дінге сенбейтіндіктерін немесе діни топтардан аулақ жүруге тырысатынын айтқан.

Рас, жастардың көзқарасында  діннің бүгінгі қоғамдағы рөлі қандай болуы керек деген заңды сұрақ бар. Біздің сауалнамамызға қатысқан 700 респонденттің 56 пайызы «Діннің қоғамдағы рөлі үлкен. Себебі ол қоғамдағы тетікті реттеуші функция атқарады» деп жауап берген.  30 пайыз  сауалнама дауыс берушілері керісінше, діннің (діни топтардың) еліміздің саяси және қоғамдық өмірінен алшақ болуы керектігін айтыпты. Дәл осы сұраққа келгенде 14 пайыз респондент «жауап бере алмаймын» деген. Демек, еліміздегі дәстүрлі және дәстүрлі емес дінді ұстанушылардың сәл басым дауысы дінді мемлекеттің идеологиялық реттеуші құрылымы деп танып, оны қоғамдық ортадан бөліп қарауға болмайтындығын айтса, соңғы оқиғалардың негізінде дінге деген көзқарастары екіге жарылған.

Біздің сауалнаманың бесінші сұрағы: Сіздің діни ағымдарға деген көзқарасыңыз қандай? Аноноимді түрде жүргізілген біздің сауалнамаға қатысушы 700 респонденттің 75 пайызы елімізде діни ағымдардың  (радикалдық, ағартушылық, экстримистік, мәдени т.б.) жұмыс жасауына түбегейлі қарсы екендіктерін білдірген. Ал дауыс берушілердің 6 пайызы керісінше, діни ағымдардың насихаттық жұмысын қолдайды екен. Ал 19 пайыз дауыс берушілер «жауап бере алмаймын» депті.

Әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша, еліміздегі жастар арасында діни ағымға емес, «дінге» деген қызығушылық басым екенін аңғаруға болады. Тіпті сауалнамаға қатысушылардың дені 18 бен 25 жас аралығындағы жастар болған. Мұның сыртында этникалық және діни ұстаным арасындағы байланыстың бар екенін ескеретін болсақ, Қазақстандағы түрлі этникалық топтар арасындаға діни фанатизмнің бар екенін біз терістей алмаймыз. Десек те, біз емес, Қазақстанның ресми органдары жүргізген сараптамаға сүйенсек, жастар арасындағы дінге деген қызығушылық 100 пайыз Хақ Құдайға сенімнен емес, дінді ұстанып, сақал қою, арабтық киім үлгілерін киіну секілді сәндік қызығушылықтан туындайтынын аңғаруға әбден болады. Сонымен қатар, еліміздегі діни мерекелердің ішінде Батыс мәдениетінен сіңісіп кеткен «Валентин күні» секілді жастар арасында сұранысқа ие мерекелер де айтарлықтай ықпал ететіні рас.   Дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Кешегі Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаны жасаушылар да дәл осы топтың өкілдері екенін жоғарыда айттық. Деструктивті дегеннің өзі латын тілінен аударғанда «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Қазақстанның құзырлы органдары атап көрсеткендей олар мемлекеттік билік жүйесін бұзып жібермек болған-мыс. Олардың басым көпшілігі жастар екені тағы рас.

Десек те, біз жүргізген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, бүгінгі таңда қазақстандық жастар арасында дінге деген позитивті көзқарас қалыптасқан. Оның дәлелі жоғарыдағы дауыс берушілердің дінді қоғамның айнымас бөлшегі деп танитындығы болса керек. Бірақ тағы бір факті – жастардың дені діни ағымдардан аулақ болуға тырысады және олардың жұмысына деген көзқарасы теріс. Өкінішке орай, біз қанша айтқанымызбен, діни топтар насихатына тоқтау салынбай тұрғаны шындық. Әсіресе, санасы толық қалыптаспаған жасөспірімдерге жасалатын астыртын шабуылдар әлі жалғасып келеді. Ақтөбе еліміздегі діни экстримистер насихат жүргізіп жүрген жалғыз қала емес. Сондықтан,  құзырлы билік нақты шараларды қолға алуы керек. Әйтпесе Ақтөбе оқиғасы еліміздің өзге қалаларында қайталанбасына кім кепіл?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2142
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2547
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2328
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1653